«Жыл — он екі ай оқы» жобасы аясында Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың алғашқы ұстазы» атты әдеби танысу өткізілді. Биыл Ы.Алтынсариннің 185-ж. мерейтойы. 4-сынып оқушылары ағартушы-ақынның өмірбаянымен танысып, оның өлеңдерін мәнерлеп оқып, мазмұнын талқылады. Іс-шара барысында оқушылар «Жомарт адам», «Әке мен бала» әңгімелерін мазмұндап айтып беріп, шығармалардың тәрбиелік мәнін көрсете білді. Сонымен қатар, оқушылардың қатысуымен Ы.Алтынсарин аударған И. А. Крыловтың «Түлкі мен қарға» мысалы бойынша қазақ тілінде сахналау көрсетілді.
Ыбырай Алтынсариннің шығармалары мен өмірбаянына арналған әдебиеттер ұсынылған кітап көрмесіне шолу жасалды. Сондай-ақ, ақын туралы бейнеролик көрсетіліп, оқушылар оның ағартушылық қызметі мен әдеби мұрасын тереңірек таныды. Іс-шара оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етті.

