6 қараша күні № 5 мектептің 5 – 6 сынып оқушыларыүшін мектеп кітапханасында «Мақал – сөздің азығы, жұмбақ – ойдың қазығы» атты танымдық сағат өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың ой-өрісін кеңейту, тіл байлығын арттыру, сондай-ақ қазақ халқының ауыз әдебиетіне деген қызығушылығын ояту болды. Жүргізуші оқушыларға қазақтың мақал-мәтелдері мен жұмбақтарының мазмұны мен тәрбиелік мәні туралы мағлұмат берді. Танымдық сағат барысында балалар арасында түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылды: «Ойлы болсаң, озып көр» – мақалдың жалғасын табу, «Тапқыр болсаң, тауып көр» – жұмбақ шешу, «Біз білмейтін бір мақал» – мақалдың мағынасын ашу, «Айшықты сөздер» – тұрақты тіркестердің мағынасын түсіндіру, «Кім жүйрік?» – жұмбақ шешіміне сай мақал-мәтел құрастыру. Іс-шара барысында оқушылар белсенділік танытып, өздерінің тапқырлығын, ой ұшқырлығын және топпен жұмыс жасау қабілеттерін көрсете білді. Танымдық сағат оқушылардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, қазақ халық ауыз әдебиетінің терең тәрбиелік мәнін ұғынуға жол ашты.

