21 қазан күні Республика күніне орай және «Кешкі кітапхана» жобасы аясында №27 жалпы білім беретін мектептің 3 «Ә» сынып оқушылары үшін «Қазақстан – менің туған өлкем, Отаным!» патриоттық сағат өткізілді. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін, ел тарихына және ұлттық дәстүрлерге деген құрметін қалыптастыру. Оқушыларға Республика күнінің тарихы, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері және Қазақстанның даму жолдары туралы айтылды. Мерекелік іс-шара төрт бөлімнен тұрды: «Менің елім», «Мемлекеттік рәміздер», «Еліміздің ұлы тұлғалары», «Менің Отаным – Қазақстан». Оқушылар Отан, ұлттық бірлік және туған жерге деген махаббат туралы өлеңдерді мәнерлеп оқып, «Қазақ мемлекеті» атты викторинаға белсенді қатысып, «Анаграмма» танымдық ойынында өз білімдерін көрсетті. Шара соңында оқушыларға «Менің Республикам» атты бейнеролик көрсетіліп, «Менің Отаным – Қазақстан» кітап көрмесіне шолу жасалды. Іс-шараның қорытындысы ретінде барлығы бірге «Атамекен» әнін орындады.