11 ақпан күні № 43 орта мектебінің кітапханасындағы оқу залында 4 «Г» сынып оқушылары үшін қазақ халқының ұлы ақыны, философы, композиторы, көркем сөз шебері, ағартушысы, ойшылы, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның тұңғыш классигі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Менің сөздерімнің ақиқатын кез адам түсінеді» портрет-кеші өткізілді. Кітапханашы әр халықтың даму жолында оның рухани тірегі, ұлттық мақтанышы саналатын дара тұлға болатынын, ол тұлғаның шығармашылығы сол халықтың жанының айнасы екенін атап өтті. Қазақ халқы үшін сондай бірегей тұлға – Абай Құнанбайұлы. Одан кейін слайд-презентация аясында «Әлем мойындаған Абай» баяндама жасалып, оқушылар ақынның балалық шағы, ата-анасы, әжесі мен ұстаздары туралы мағлұмат алды. Бағдарламада: «Ата-бабаға тағзым – Абай», «Абай Құнанбайұлының өмірбаяны» бейнероликтерді тамашалау, ақынның «Көктем», «Жаз», «Өлсем, орным – қара жер» өлеңдерін мәнерлеп оқу, «Қыс» өлеңіне түсірілген бейнероликті қарау, «Көзімнің қарасы» әнін тыңдау. Іс-шараның соңында оқушылар ақын шығармашылығына арналған «Сен Абайды білесің бе?» сұрақ-жауап ойынына қатысып, өз білімдерін сынады.