23 сәуір күні Малайсары батыр атындағы мектептің, №2 және №29 мектептерінің 4-5 сынып оқушыларына Ұлттық кітап күніне орай «Туған жер таланттары» портрет кеші өткізілді. Шара Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жерлесіміз, ақын, аудармашы, журналист, Аққулы ауданының құрметті азаматы Серік Қинаятұлы Сатыбалдиннің 75 жылдық мерейтойына арналды. Кітапханашы Ұлттық кітап күні туралы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші сессиясында кітап ұрпақ тәрбиесінде үлкен рөл атқаратынын айтып, оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыруға шақырды. Содан кейін ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы айтып, кітапхананың жас оқырмандары ақынның өлеңдерін оқыды. Сөз кезегі қаламгерге беріліп Серік Сатыбалдин өзінің естеліктерімен, шығармашылық жолымен бөлісіп, оқушылардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беріп, «Шоқ тоғайдағы шар айна», «Шыншыл бала» ертегілерін қалай жазғаны туралы айтып берді. Қонақтар Малайсары батыр атындағы мектептің 4 сынып оқушыларының орындауында «Қамажай» биін тамашалады. Кездесуге қатысушылар ғибратты ой, рухани азық алып, жан дүниелерін байытып қайтты.